Мұрат Қыдырниязұлы Мұхашев

4.jpgМен 1967 жылы қыркүйек айының 17 жұлдызында бұрынғы Талдықорған облысы, қазіргі Алматы облысы Сарқанд ауданы «Көкжиде» ауылында дүниеге келдім. 1984 жылы ауылдағы 10 жылдық Ерікті орта мектебін тәмамдаған соң аудандық «Балқаш өңірі» газетінде тілші болып жұмыс істедім. 1985 жылы қазіргі Әл Фараби атындағы (ол кезде С.М.Киров атында болатын) Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. 1986 жылдың көктемінде әскер қатарына алынып, 1988 жылдың көктеміне дейін Ресей және Белоруссия елдерінде әскери борышымды өтедім. Әскерден оралған соң университеттегі оқуымды қайта жалғастырдым. Журналистика факультетінің 4-ші курсында жүргенде қалалық «Алматы ақшамы» газетіне жұмысқа орналастым.

1990 – 2003 жылдары «Алматы ақшамы» газетінде тілші, одан соң экономика және әлеуметтік мәселелер бөлімінің меңгерушісі, 2003 – 2006 жылдары «Жизнь» баспагерлік компаниясына қарасты «Өмір kz» және «Жизнь» журналдарында, сонымен қатар республикалық ғылыми-танымдық «Гүлстан» журналында шеф-редактор қызметін атқардым.

2006 жылдан бастап Қазақ радиосына келдім. Бастапқыда Қазақ радиосындағы Әлеуметтік бағдарламалар  редакциясында редактор-шолушы болдым.

2008 жылы «Қайырлы таң, қазақ елі!» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламалар редакциясының жетекшісі.

2009 жылы Ақпарат-сараптама және таңғы бағдарламалар  редакциясының жетекшісі.

2010-2012 жылдың қазан айына дейін Әлеуметтік бағдарламалар  редакциясының жетекшісі қызметін атқардым.

2012 жылдың қазан айынан бастап Қазақ радиосы Алматы студиясының бас редакторымын.

               Университетте оқып жүрген кезімнен бері аударма ісімен айналысамын. Қазақ – орыс және орыс – қазақ тілдерінен аударма жасаймын. Аударма саласындағы тәжірибем 29 жыл. Осы уақыт аралығында «Для обслуживающего персонала воздушных лайнеров и пассажирских судов», «Для обслуживающего персонала грузового и пассажирского автотранспорта» тілдескіш құралдарын дайындадым және басқа да бірқатар энциклопедиялық жинақтардың жарық көруіне атсалыстым. «Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы. Оқиғалар жылнамасы. 2011 жыл» жылнамасының қосалқы авторымын.

       Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін.

              Отбасым бар. Зайыбым Ләззат Ерекенқызы – Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған жоғары білімді маман. Қазір Алматыдағы А.Чехов атындағы кітапханада қызмет атқарады. Ұлым Аят Мұратұлы – жоғары білімді IT саласының маманы. Қызым Әсем Мұратқызы – 10 сынып оқушысы.